Ұлытау жастарына киберспорт саласында білім алуға мүмкіндік кеңейеді

Ұлытау киберспорт және фиджитал федерациясы Қазақ ұлттық спорт университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім өңір жастарының кәсіби дамуына, киберспорт саласында білім алуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Меморандумға Астана қаласында өткен TALENT BRIDGE 2026 форумы аясында қол қойылды.
Келісім аясында федерация ұйымдастыратын турнирлерге қатысушылар университеттің кәсіптік бағдар беру жұмыстарының басым топтарының қатарына енгізіледі. Сонымен қатар жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен жастарға білім гранттарын тағайындау және оқу ақысына жеңілдіктер беру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Ынтымақтастық аясында университет студенттеріне федерация ұйымдастыратын іс-шараларда тәжірибеден өтуге жағдай жасалады. Сондай-ақ тараптар бірлескен турнирлер мен студенттік лигаларды өткізуді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта федерация Қазақстан чемпионаттарына қатысатын Ұлытау облысының құрамасын жасақтау жұмыстарын жүргізуде. Команда сапында өнер көрсетуге ниетті азаматтардан өтінімдер uepf.kz сайты арқылы қабылданады.
Айта кетейік, биыл 28 қазанда Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы федерацияға спорт федерациясын аккредиттеу туралы №44 куәлігін табыстады. Осылайша, Ұлытау киберспорт және фиджитал федерациясы өңірде осы бағыт бойынша ресми аккредиттелген ұйым мәртебесіне ие болды.
Жаңа меморандум өңірде киберспорт пен фиджитал спортты дамытуға, жастардың қабілетін шыңдауға және спорт пен білім беру салалары арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.