Өңірде жыл басынан бері 19 мал ұрлығы тіркелген

Ұлытау облысында төрт түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал ұрлығының жолын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Қазір өңір аумағында бес жылжымалы полиция бекеті қызмет атқарып жатыр.
Жыл басынан бері облыста мал ұрлығына қатысты 19 қылмыс тіркелген. Оның ішінде Жаңаарқа ауданында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде үш қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Тексеру барысында аталған топтардың сегіз қылмысқа қатысы бары анықталған.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған бес жылжымалы полиция бекеті өңір аумағында бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Негізгі міндет – мал ұрлығына тосқауыл қою, күмәнді әрекеттерді дер кезінде анықтау және тұрғындардың мүлкін қорғау.
Полиция қызметкерлері мал иелеріне де сақтық шараларын күшейту қажеттігін ескертеді. Атап айтқанда, төрт түлікті қараусыз қалдырмай, жайылым мен қорадағы қауіпсіздігіне назар аудару маңызды.
Мамандардың айтуынша, мал ұрлығының алдын алу тек полицияның жұмысына ғана емес, әрбір мал иесінің жауапкершілігіне де байланысты.