Жезқазғанда Батырбек Мырзабековтің 10 томдық шығармалар жинағы таныстырылды

Жезқазған қаласында ақын, жазушы, журналист Батырбек Мырзабековтің шығармашылығына арналған әдеби кеш өтіп, қаламгердің тұңғыш он томдық еңбегі оқырманға ұсынылды. Шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
Батырбек Мырзабеков әдебиетке поэзия арқылы келіп, кейін прозада да қалам тербеген автор. Оның шығармаларында туған өлкенің тарихы мен Ұлытау өңірінде өмір сүрген тарихи тұлғалардың тағдыры кеңінен көрініс табады.
Іс-шара облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың құттықтау сөзімен ашылды. Сондай-ақ Жезқазған және Сәтбаев қалаларының өкілдері, Ұлытау ауданынан келген делегация қаламгерге құрмет көрсетті. Әдеби кешке Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов арнайы қатысып, автор шығармашылығына оң бағасын берді.
Кеш барысында «Тасбұлақ», «Ұлытаудың ұлымын» жыр жинақтарынан үзінділер оқылып, ақын өз өлеңдерін де көпшілікке ұсынды.
Айта кету керек, он томдық жинақ Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен жарық көрді. Сонымен қатар шара аясында өңірлік екі қаламгерге Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билеттері табысталды.