
Жезқазған әуежайында көлік прокуратурасы мен полиция қызметкерлері бірлесіп құқықтық түсіндіру акциясын өткізді. Шараның мақсаты – жолаушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, көлік нысандарындағы қауіпсіздікті күшейту. Айта кетейік, әуежай арқылы тәулігіне шамамен 400-ге жуық жолаушы қатынайды.
Іс-шара барысында азаматтарға қаруды заңға сәйкес сақтау және тасымалдау талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар, жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен олардың салдары туралы ақпарат берілді. Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы елімізде заңсыз қару сақтау және тасымалдау бойынша 213 дерек тіркелген.
Мамандар жалған терроризм хабарламаларының да ауыр қылмыс екенін ескертті. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Статистика бойынша, 2025 жылы осындай 15 дерек тіркелсе, 2024 жылы 24 жағдай анықталған.
Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Вокзалдар, әуежайлар және автовокзалдар «сергек аймақтар» санатына жатады. Мұнда алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйінде келу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Ұлытау өңірлік көлік прокуратурасының мәліметінше, «Құқықтық дәріхана» республикалық акциясы аясында жолаушыларға құқықтық көмек көрсетіліп, қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілуде. Ақпараттық парақшалар пойыз вагондары мен вокзалдарда таратылып жатыр.
Мамандардың айтуынша, халықты құқықтық тұрғыда ақпараттандыру – құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жолы. Мұндай шаралар ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға және көліктегі құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған.