Ұлытау облысында «Қызметтік қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр

Ұлытау облысының аумағында қызметтік және спорттық қарудың заңды айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған «Қызметтік қару» атты жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылуда. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Шараның басты мақсаты — қаруды сақтау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік бақылауды арттыру. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес жүргізілуде.
Тексеру барысында қару сақталатын нысандардың техникалық жарақтандырылуы, сақтау талаптарына сәйкестігі, бейнебақылау жүйелерінің жұмысы және қауіпсіздік шараларының орындалуы жан-жақты қаралады.
Жедел-профилактикалық іс-шара екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең 2–14 ақпан аралығында өтіп, қару сақтау пункттері, атқыш тирлер, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері, сондай-ақ қызметтік қаруды пайдаланатын аңшылық және балық шаруашылықтары тексеріледі.
Екінші кезең 2–20 наурыз аралығына жоспарланған. Бұл уақытта инкассация қызметтері, спорт ұйымдары, клубтар мен федерацияларда сақталатын қызметтік және спорттық қарудың заң талаптарына сәйкестігі бақылауға алынады.
Полиция департаменті азаматтар мен ұйым өкілдерін қаруды сақтау және пайдалану талаптарын қатаң сақтауға шақырды.