Спорт

Жезқазған қаласында «Қарлы қыс — 2026» қысқы спартакиадасы өтті

Жезқазған қаласында өндіріс орындарының қызметкерлері мен белсенді демалыс әуесқойларын біріктірген «Қарлы қыс — 2026» қысқы спартакиадасы ұйымдастырылды. Іс-шара КәсіпҚорған кәсіподағы, Жастарболашақ жастар ұйымы және Қазақмыс корпорациясы жанындағы Аманат партиясы филиалының қолдауымен өтті.

Спартакиаданың мақсаты — ұжымдық ынтымақты арттыру, қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спорттық дәстүрді дамыту. Қатысушылар самауырынды жылдам жағу, сырғанақтан түсу, қар мүсінін жасау, көңілді эстафета және арқан тарту кезеңдері бойынша бақ сынады. Әсіресе самауырынды уақытқа жағу мен сырғанақ сайыстары көрермендердің қызығушылығын тудырды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Back to top button