Спорт
Тренд

Жезқазғанда ескек есу спортына арналған жаңа олимпиадалық резерв мектебі ашылды

Жезқазған қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне арналған жаңа ғимараттың салтанатты ашылуы өтті. Маңызды нысанды Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков арнайы келіп, ресми түрде іске қосты.

Жаңа спорт базасының құрылысы – өңірдегі су спортының дамуына серпін беретін айтулы оқиға. Бұған дейін мектеп 40 жыл бұрын пайдалануға берілген, заманауи талаптарға сай келмейтін ғимаратта жұмыс істеп келген. Онда жылу мен су жүйесі болмағандықтан, спортшылар тек жаз мезгілінде ғана жаттығуға мәжбүр еді. Қыс айларында физикалық дайындықты сақтау үшін жаттығулар ашық далада өткізілетін.

Енді бұл қиындықтардың бәрі артта қалды. Құны 1 миллиард теңгені құрайтын екі қабатты жаңа нысанда спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда:

  • үлкен жаттығу залы,

  • жуыну бөлмелері,

  • теориялық сабақтарға арналған арнайы кабинеттер қарастырылған.

Спорт мектебінде бүгінде 200-ден астам бала жаттығады. Оның 20-сы – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері. Жезқазғандық ескекшілердің жетістіктері де аз емес. Мәселен, соңғы Азия чемпионатында жерлестеріміз 8 медаль жеңіп алды.Мектеп директоры Константин Уткиннің айтуынша, жаңа ғимарат спортшылардың жыл бойы сапалы дайындалуына мүмкіндік береді.

– Ескі базада қыс мезгілінде жаттығу өте қиын болатын. Енді барлық жағдай жасалған заманауи ғимаратқа қол жеткіздік. Бұл – үлкен қуаныш, – деді ол.

Жас спортшылар да жаңа нысаннан үлкен үміт күтеді. Солардың бірі – ел біріншіліктерінде өнер көрсетіп жүрген Алина Қуанышева. Оның айтуынша, жаңа база болашақта бұдан да жоғары нәтижелерге жетуге жол ашады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев өңір құрылғаннан бері 9 ірі спорт нысаны бой көтергенін атап өтті. Соның нәтижесінде спорттық инфрақұрылым 25 пайызға жаңарып, бұқаралық спортпен қамту көрсеткіші 40 пайызға жуықтаған.

Айта кетейік, Жезқазғандағы бұл мектептен көптеген танымал спортшылар шыққан. Солардың қатарында – ұлттық құраманың бас бапкері, төрт мәрте Олимпиада ойындарының қатысушысы Қайсар Нұрмағамбетов бар.

Жаңа нысан тек күнделікті жаттығуға ғана емес, республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге де мүмкіндік береді. Алғашқы ірі дода – байдарка мен каноэде ескек есуден Қазақстан чемпионаты тамыз айына жоспарланып отыр.

Back to top button