Денсаулық

Жезқазғанда жаңа медициналық орталық ашылды

Жезқазған қаласында заманауи хирургиялық орталық ресми түрде ашылып, облыс тұрғындарының игілігіне берілді. Жаңа нысан Ұлытау облысының медицина саласын толықтырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсетеді.

«Ulytau clinic Dr. Rustam» клиникасы тұрғындарға кең спектрлі мамандандырылған медициналық көмек ұсынады. Мұнда гастроэнтеролог, онколог-маммолог, эндокринолог, пульмонолог, нефролог, гинеколог және басқа да дәрігерлер қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар орталықта аз инвазивті хирургиялық ем-шаралар, оның ішінде аяқ-қол көктамырларының варикозын емдеу және жоспарлы операциялар жүзеге асырылады. Медициналық жоба «Өрлеу» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауымен ашылған.

Аймақта бизнесті қолдаудың мемлекеттік тетіктері жүйелі түрде іске асырылып келеді. Сол бағытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалы белсенді жұмыс жүргізуде. Өткен жылы қор арқылы 170-тен астам шағын және орта бизнес жобасы 11 млрд теңгеге қолдау тапса, биылдың өзінде төрт бастама қаржыландырылды.

Жаңа хирургиялық орталықтың ашылуы өңір тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да қалыптастырды.

Back to top button