
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында туризм саласы бойынша салалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы, «ҰЛЫТАУ» ӘКК» АҚ өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандары қатысты.
Кездесу барысында өңірдің туристік әлеуетін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің даму бағыттары, Жезқазған қаласындағы әуежай аумағында орналасқан ұлттық киіз үй форматындағы этно-алаңның жұмысын жетілдіру және оны әрі қарай дамыту тетіктері қарастырылды.
Ұлттық парк директоры Ғалым Қойшыбаев мекеменің қазіргі жағдайы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндап, Ұлытау өңіріндегі шаруашылық субъектілерінің жерлерін мемлекет мұқтаждығына қайтаруға байланысты туындаған өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар Палатаның Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салалық кеңесінің мүшесі Роза Рымбаева әуежай аумағындағы этно-киіз үйде «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың және жергілікті қолөнершілердің өнімдерін өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, туристерге ұлттық өнімдерді кеңінен танытуға жол ашады.
Отырыста әкімдікпен бірлесіп, шаруашылықтардың кәсіпкерлік қызметін жалғастыруына мүмкіндік беретін тең құнды жер учаскелерін ұсыну мәселесін пысықтау қажеттігі де атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін облыстың туристік имиджін арттыруға бағытталған Жол картасына енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ «ҰЛЫТАУ» ӘКК» АҚ-пен бірлесіп, этно-алаң аумағында «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы жеңімпаздарының және өңір қолөнершілерінің өнімдерін орналастыру жұмыстары жүргізілетін болды.