Мәдениет

Сәтбаевта «The Musical Show» республикалық фестиваль-байқауы басталды

Сәтбаев қаласында оқушыларға арналған «The Musical Show» республикалық фестиваль-байқауы басталды. Екі күнге жоспарланған өнер додасына еліміздің әр өңірінен келген 70-ке жуық жас талант қатысуда.

Фестиваль Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Ұлытау облысының Білім басқармасы және Сәтбаев қаласының Оқушылар үйі бірлесе ұйымдастырды. Байқаудың басты мақсаты — жас өнерпаздардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

Қатысушылар өз өнерлерін бірнеше бағыт бойынша көрсетеді. Атап айтқанда, хореография, вокал және театрландырылған қойылымдар. Әр бағыт бойынша өнерлі оқушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық байқауға келген жас таланттардың дайындық деңгейі жоғары. Қатысушылар да бұл додаға үлкен жауапкершілікпен келгендерін айтып, өз өнерлерін лайықты көрсетуге ниетті екенін жеткізді.

Фестивальдің алғашқы күні іріктеу кезеңі өтті. Қазылар алқасының жоғары бағасын алған қатысушылар ертең өтетін ақтық сынға жолдама алып, бас жүлде үшін бақ сынайды.

Back to top button