Заң және тәртіп

Ұлытау облысында 304 кг есірткі тәркіленді

Ұлытау облысында есірткі қылмысына қарсы күрес қызу жүргізілуде, ал I тоқсанның нәтижесі көңіл аудартарлық деректерді көрсетті. Бұл туралы Өңірлік Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте Полиция Департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайырбеков және Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Алмаз Хамитов баяндап берді.

Алғашқы үш айда облыста 24 есірткі қылмысы тіркеліп, оның ішінде сатуға, заңсыз өсіруге, насихаттауға және сақтау фактілері бойынша істер жүргізілді.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан 304 кг-нан астам есірткі тәркіленіп, синтетикалық есірткі жеткізумен айналысқан екі қылмыстық топ тоқтатылды. Сонымен қатар, Қарағанды–Жезқазған жолында 5 адам ұсталып, 300 кг-нан астам есірткі табылды.

Профилактикалық жұмыстар да назардан тыс қалмады: 300-ден астам антинаркотикалық іс-шара өткізіліп, 13 мыңнан астам адам қамтылды. Мектептер мен колледждерде, спорт нысандарында, қоғамдық орындарда жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «Таңдау өзіңнің қолыңда» және «Есірткісіз болашақ» форумдары ұйымдастырылды.

Интернет кеңістігінде де күрес жалғасуда: 825-тен астам сайт бұғатталып, 219 банк шоты жабылды, 406 мың теңгеден астам қаржыға тыйым салынды. Волонтерлер есірткі насихаттайтын граффити жазбаларды жойды.

Есірткі — бұл тек құқық бұзушылық қана емес, қоғамның қауіпсіздігі мен болашағына төнген нақты қатер. Әрбір азамат бейжай қарамай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізуі маңызды.

Back to top button