Қоғам

Ұлытау облысында діни бірлестіктер клубы алғашқы отырысын өткізді

Ұлытау облысында 2026 жылдың алғашқы Діни бірлестіктер клубы отырысы өтті. Кездесу барысында конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және жас ұрпақты адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу мәселелері талқыланды.

Кездесудің басты мақсаты — түрлі діни ұйымдар арасындағы өзара түсіністікті арттыру және ортақ мәселелерді шешу. Биыл клуб аясында қазақ тілі курстары жалғасып, ұлттық спорт жарыстары, Конституция күніне арналған үстел теннис турнирі және Рухани келісім күніне шығармашылық фестиваль өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған подкасттар мен сұхбаттар ұйымдастыру көзделген. Бұл бастамалар ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға, үлкенге құрмет пен ата-анаға сыйластық сияқты құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Жиында кәмелетке толмағандардың ата-анасының рұқсатынсыз діни іс-шараларға қатысуына жол бермеу қажеттігі ерекше айтылды. Сондай-ақ, қатысушылар «Конфессияаралық диалог – терроризмге қарсы күрестің негізі» тақырыбында пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер өңірде тұрақтылықты сақтауға және діни бірлестіктер арасындағы өзара түсіністікті арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Back to top button