Басты жаңалық
Тренд

Қазақстанда такси қымбаттай ма?

Қазақстанда такси нарығына қатысты тағы бір өзекті мәселе талқыланып жатыр. Әңгіме жүргізушілер үшін әлеуметтік төлемдер мен интернет-платформалардың салық агенті ретіндегі міндеттері туралы болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер такси бағасының өсуіне және нарықтағы бәсекенің әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Осы талқылау аясында елде шетелдік агрегаторлармен қатар жұмыс істеп келе жатқан жергілікті такси сервистері де бар екені айтылуда. Солардың бірі — Aparu. Бұл платформада жүргізуші әр сапардан пайыздық комиссия төлемейді. Оның орнына тапсырысқа қол жеткізу үшін бекітілген сома төлейді: қала ішінде — шамамен 60 теңге, ал қалааралық бағыттар бойынша — 100 теңгеге бір аптаға қолжетімділік беріледі.

Мұндай жүйеде жүргізуші тапсырыс туралы барлық мәліметті — маршрутты, бағаны және басқа да шарттарды — бірден көріп, оны алу-алмауды өзі шешеді. Бұл модель жүргізуші үшін де, жолаушы үшін де тиімді деп бағалануда: жүргізуші табысының көбірек бөлігін өзінде қалдырса, жолаушы үшін тарифтің күрт өсу қаупі азаяды.

Қазір такси нарығында, негізінен, екі түрлі модель бар.

Біріншісі — транзакциялық модель

Бұл жүйеде жолаушының ақшасы алдымен платформаның есепшотына түседі. Платформа өз комиссиясын ұстап қалып, қалған соманы жүргізушіге аударады. Осыған байланысты мұндай сервистер салық агенті бола алады. Қолданыстағы реттеу тетіктері көбіне осы модельге бейімделген.

Алайда бұл жүйенің өз шығыны да жоғары: әкімшілендіру көп, комиссия көлемі жоғары, тиісінше соңғы бағаға да әсер етеді. Сонымен қатар мұндай платформалардың шотында жүргізушілерге тиесілі қаржы мен салыққа бағытталатын қаражат шоғырланады.

Екіншісі — P2P-модель

Бұл жағдайда төлем тікелей жолаушы мен жүргізуші арасында жүреді. Платформа тек тапсырыс туралы ақпаратқа қолжеткізу қызметін ұсынады және сол үшін ғана комиссия немесе бекітілген төлем алады. Яғни сервис өз шотында бөтен қаржыны жинамайды және төлем көзіне айналмайды.

Мәселенің түйіні де осы тұста туындайды. Жаңа Салық кодексінде интернет-платформаларды барлық жағдайда салық агенті ету талабы қарастырылған. Тіпті сервис жүргізушіге тікелей төлем жасамаса да, оған осындай міндет жүктелуі мүмкін.

P2P-платформалар мұндай тәсіл олардың жұмыс моделіне қайшы келетінін айтады. Олардың пікірінше, әлеуметтік төлемдер мен өзін-өзі жұмыспен қамту тетіктерін дамыту керек, алайда бұл міндетті барлық платформаны бір ғана транзакциялық жүйеге көшіру арқылы емес, банктермен автоматтандырылған интеграциялар секілді икемді механизмдер арқылы шешкен жөн.

Нарық өкілдері мұндай талаптардың салдары айқын болуы мүмкін екенін алға тартады: платформалардың шығыны өседі, комиссия көбейеді, ал бұл өз кезегінде такси бағасының қымбаттауына, жүргізушілер табысының азаюына және бәсекенің тарылуына әсер етуі ықтимал.

Ассоциация өкілдерінің мәліметінше, егер платформаға қосымша 4 пайыздық жүктеме артылса, ол міндетті түрде комиссияға қосылады. Демек, қосымша шығынды түптеп келгенде не жолаушы, не жүргізуші көтереді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында да ережелердің күрт өзгеруі кейбір компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін әлсіретуі мүмкін екенін мойындаған. Белгілі болғандай, бұл мәселе алдағы екі апта ішінде вице-премьер жетекшілік ететін жобалық кеңсе алаңында қайта қаралады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай тек такси нарығына ғана қатысты емес. Әңгіме Қазақстандағы жергілікті IT-сервистердің өз моделін сақтап қала алуында. Егер барлық платформа бір ғана схемаға бейімделсе, онда нарықтағы таңдау азайып, ірі ойыншылардың үстемдігі күшеюі мүмкін.



Back to top button