Жезқазғанда «Жасыл ел» еңбек жасағының ХХІІ маусымы ашылды

Жезқазған қаласында «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының ХХІІ еңбек маусымы ресми түрде ашылды. «Ратонда» алаңында өткен салтанатты жиынға облыс жастары, еріктілер мен еңбек жасақтарының мүшелері қатысты.
Биылғы маусымда Ұлытау облысы бойынша шамамен 700-ге жуық жас туған жерді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына атсалыспақ. Іс-шара барысында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, олардың өңірдің дамуына қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.
Салтанатты шара аясында Сәтбаев қаласы, Қаражал қаласы, сондай-ақ Ұлытау ауданы мен Жаңаарқа ауданы жастарына «Жасыл Ел» еңбек жасақтарына ресми жолдамалар табысталды. Сонымен қатар қатысушыларға түрлі ойындар ұйымдастырылып, белсенді жастар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараның жалғасы №3 жалпы білім беретін мектепте өткен «Тезтап» интеллектуалды ойынымен жалғасты. Командалық сайыста жастар экология, табиғатты қорғау және қоғамдық қауіпсіздік тақырыптарында өз білімдерін сынға салды.
Айта кетейік, «Жасыл Ел» бағдарламасы елімізде 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Биыл да «Жасыл Ел» сарбаздары «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық іс-шараларға белсенді қатыспақ.