Жәйремде алғаш рет құтқару бөлімі ашылды

Ұлытау облысының Жәйрем кентінде тәуелсіздік тарихында алғаш рет әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды. Бұған дейін елді мекенде тіпті өрт сөндіру бөлімі де болмаған.
Жаңа нысанды Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы келіп ашты. Салтанатты шараға облыс әкімі Дастан Рыспеков пен сала өкілдері қатысты.
Бөлімшенің ерекшелігі — бірнеше қызметтің бір жерде біріктірілуі. Енді мұнда өрт сөндірушілер, құтқарушылар және апаттар медицинасы мамандары бір база арқылы жұмыс істейді. Бұл төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартпақ.
Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған: техникаға арналған бокстар, диспетчерлік қызмет, оқу сыныптары, демалыс бөлмелері және спорт алаңдары қарастырылған.
Іс-шара барысында құтқарушыларға жаңа техника табысталып, сала қызметкерлері марапатталды.
Айта кетейік, 10 мыңнан астам халқы бар өнеркәсіптік кент үшін мұндай нысанның ашылуы қауіпсіздік деңгейін жаңа сатыға көтереді.