Баланы қараусыз қалдырмаңыз!

Ұлытау облысында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған «Қауіпсіз терезелер» ақпараттық-алдын алу науқаны жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік білім басқармасы хабарлады.
Бастаманың негізгі мақсаты — тұрмыстық жазатайым оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе, күн жылыған сайын балалардың терезеден құлау қаупі арта түсетіні мамандар тарапынан ерекше атап өтілуде.
Осыған байланысты ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Мамандар балаларды қараусыз қалдырмауға, москиттік торларға сенбеуге, терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуға және жиһазды терезеге жақын қоймауға кеңес береді. Сонымен қатар, балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру маңызды.
Науқан аясында тұрғындарға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы бейнеролик ұсынылуда.
Балалардың қауіпсіздігі — барша қоғамның ортақ жауапкершілігі.