Ұлытау облысында қоғамдық қауіпсіздік күшейтілді

Ұлытау облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 17–30 сәуір аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында патрульдік полиция қызметкерлері, жедел-іздестіру бөлімшелері және өзге де уәкілетті құрылымдар күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Қоғамдық орындар мен көшелерде бақылау күшейтіліп, құқықтық тәртіпті сақтау басты назарға алынған.
Көлік құралдарына да ерекше мән берілуде. Жүргізушілердің құжаттары тексеріліп, жол қозғалысы ережелерін сақтау талаптары қатаң қадағалануда.
Сонымен қатар, Жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімдер бейнебақылау камералары арқылы адам көп шоғырланатын аумақтарды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.
Құқық қорғау органдары заңсыз айналымдағы тыйым салынған заттарды, оның ішінде есірткі құралдарын, атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды анықтау және тәркілеу бағытындағы жұмыстарды күшейтті.
Аталған іс-шара өңірде қоғамдық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.