Заң және тәртіп

Ұлытау облысында жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және қылмыстық қатерлердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Ұлытау облысында мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеу және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Абай Құнанбаев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында «Заң қарапайым тілмен» атты құқықтық сабақ ұйымдастырылып, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шара өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан құқықтық саясатты түсіндіру, заң үстемдігін насихаттау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, буллингтің, есірткіге қатысты қылмыстардың және өзге де әлеуметтік қауіпті әрекеттердің алдын алу болып табылады.

Сабақ барысында оқушыларға құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы, қоғамдағы әрбір азаматтың жауапкершілігі және заң талаптарын сақтау қажеттілігі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар қазіргі қоғамда жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлері, олардың салдары және заң алдындағы жауапкершілік туралы нақты мысалдар келтірілді.

Іс-шара аясында оқушылар өздері дайындаған ашық дебюттік ойын форматындағы қойылымды ұсынды. Бұл қойылымның негізгі тақырыбы – мектеп ортасындағы буллинг мәселесі болды. Жастар өз шығармашылық жұмыстары арқылы құрдастар арасындағы әлімжеттік, оның психологиялық және әлеуметтік салдары туралы ой қозғап, қоғамдағы өзекті мәселені көркем түрде жеткізді.

Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, оқушылармен ашық диалог жүргізді. Мамандар кәмелетке толмағандардың қатысуымен жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың ішінде дропперлік схемаларға қатысу, интернет арқылы есірткі заттарын тарату, заңсыз әрекеттерге тартылу, буллинг және басқа да қылмыстық сипаттағы әрекеттердің салдары туралы кеңінен түсіндірді.

Кездесу барысында құқық қорғау органдары өкілдері әрбір құқықбұзушылық үшін заңмен белгіленген жауапкершілік бар екенін атап өтіп, жастарды кез келген күмәнді ұсыныстардан бас тартуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылып, интернет кеңістігінде жеке деректерді қорғаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Іс-шараның маңызды бөлігі профилактикалық түсіндіру жұмыстарына арналды. Мамандар мен жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру – қоғамдағы қылмыстық қауіп-қатерлердің алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

Back to top button