Заң және тәртіп

Таксиде отырып-ақ заңнан хабардар болыңыз

Ұлытау облысының прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа цифрлық тәсілін енгізді. Енді профилактикалық ақпараттар Яндекс Такси сервисі арқылы тұрғындарға жеткізілуде.

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында жүзеге асқан жоба халықты құқықтық тұрғыда ақпараттандырудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жүргізілген талдау көрсеткендей, дәстүрлі түсіндіру жұмыстары алаяқтық, сталкинг, есірткі қылмыстары және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ақпаратты әрдайым толық қамти алмайды. Осыған байланысты күнделікті қолданылатын сервистер арқылы азаматтарды қосымша ақпараттандыру тетігі қолға алынған.

Жоба аясында такси көліктеріне «Заң мен тәртіп» логотиптері орналастырылып, жүргізушілер мен жолаушыларға арнайы профилактикалық буклеттер таратылуда. Онда заң талаптары, қоғамдық тәртіп қағидалары және өзара сыйластық принциптері түсіндірілген.

Сонымен қатар, такси жүргізушілеріне жолаушыларға құқықтық ақпаратты сыпайы әрі бейресми түрде жеткізудің маңыздылығы түсіндірілді.

Бастаманың басты артықшылығы – қамту ауқымының кеңдігі. Бүгінде облыстағы Яндекс Такси автопаркі 92 көліктен тұрады. Орташа тапсырыс санын ескергенде, ай сайын 100 мыңнан астам азаматты профилактикалық ақпаратпен қамтуға мүмкіндік бар.

Мамандардың айтуынша, бұл формат өз тиімділігін көрсете бастады. Жолаушылар жол үстінде ұсынылған материалдармен танысып қана қоймай, оларды талқылап, жақындарына да жеткізуде.

Прокуратура бұл жобаны азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған заманауи әрі тиімді модель ретінде бағалап отыр.

Back to top button