Жошы хан кешеніне биыл 4 мыңға жуық турист келген

Ұлытау облысында тарихи-мәдени мұраны сақтау және туристік әлеуетті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені өңірдің маңызды туристік нысандарының бірі ретінде келушілерді қабылдауды жалғастырып келеді.
Жыл басынан бері кешенге 4 мыңға жуық турист келген. Нысанда ағымдағы жөндеу, көгалдандыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта кешеннің электр қосалқы станциясында күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар ішкі экспозициялық залға Жошы ұлысының тарихына арналған жаңа цифрлық көрме әзірленуде.
Бүгінде Ұлытау облысында 490 жергілікті және 17 республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші бар. Биыл облыстық бюджеттен ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына 60 млн теңге және археологиялық зерттеулерге 40 млн теңге бөлінді.
Жоспарға сәйкес Бесобалы мұртты қорғаны мен Ақшоқы қорымында археологиялық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар Ақайдар мавзолейі, Қалы Құрманбай мавзолейі және Қалманбай қорымына реставрациялық жұмыстар атқарылады. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар өңірдің тарихи мұрасын сақтауға және туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.