Жезқазғанда 12 орамның жолы жөнделеді

Жезқазған қаласында биыл жалпы ауданы 99,8 мың шаршы метрді құрайтын 12 аумақтағы орамішілік жолдарды күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар қаладағы жол инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Жоба аясында №1, №2, №3, №4 және №5 ықшам аудандары, сондай-ақ №1, №10, №15, №19, №26, №29 және №61 орамдар қамтылады. Аталған аумақтарда жол төсемдерін жаңарту, абаттандыру және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру көзделген.
Қазіргі уақытта №1, №10, №15, №19 және №29 орамдарда мердігер ұйымдар құрылыс-монтаж және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл нысандар бойынша бас мердігер – «Prime Road Construction» ЖШС болса, қосалқы мердігер ретінде «Бекарыс и К» ЖШС жұмыс атқаруда. Сонымен қатар №61 орамда да жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ал №1, №2, №3, №4, №5 ықшам аудандары мен №26 орам бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жалғасуда.
Жобаларды әзірлеуге жауапты ұйымдар да анықталған. Атап айтқанда, №1, №2 және №3 ықшам аудандары бойынша бас жобалаушы ретінде «Мекен и К» ЖШС белгіленсе, №4, №5 ықшам аудандары мен №26 орамның жобалық құжаттарын «City Road Centre» ЖШС дайындауда. Жоспарланған жұмыстардың жүзеге асуы Жезқазғандағы жол сапасын жақсартып, тұрғындардың күнделікті қатынауына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.