Тыйым салынған жерде шомылған 3 азамат жауапкершілікке тартылды

Ұлытау облысында шомылу маусымы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің 2026 жылғы 9 сәуірдегі өкімімен бекітілген арнайы жоспар аясында жүзеге асырылуда.
Бүгінде облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген төрт орын белгіленген. Олардың қатарында Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасы жағалауында орналасқан «Мадагаскар» жеке жағажайы, «Дом рыбака» және «Горняк» демалыс аймақтары, сондай-ақ байдарка мен каноэде есу сабақтарына арналған спорттық база бар. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында шомылуға тыйым салынған аумақтардың барлығына арнайы ескерту белгілері орнатылған. Қазіргі уақытта облыс бойынша 97 қауіпсіздік белгісі қойылған.
Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Маусым айының басында өткен «Қауіпсіз су» акциясына төтенше жағдайлар қызметкерлерімен қатар полиция, прокуратура өкілдері және еріктілер қатысты. Акция барысында жүздеген тұрғынға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, 13-14 маусым күндері облыс аумағында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға суда өзін ұстау тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған үш азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған бапқа сәйкес, тыйым салынған орындарда шомылғаны, құтқару кеудешесінсіз қайықпен жүзгені немесе басқа да қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл қарастырылған. Мамандардың айтуынша, суға кету оқиғаларының басым бөлігі жабдықталмаған және рұқсат етілмеген орындарда орын алады. Қайғылы жағдайларға көбіне қауіпсіздік ережелерін сақтамау, алкогольдік ішімдік ішіп суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру және жүзуді білмеу себеп болады. Осыған байланысты тұрғындарға тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу, балаларды бақылаусыз қалдырмау, мас күйінде суға түспеу және төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласу ұсынылады.
Айта кетейік, облыста жаңа жағажайларды ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта «Причал» және «Турист» демалыс аймақтарының иелері жағажай ашуға өтініш білдіріп, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.