Еліміздегі жаңа үйлер мен мектептер сапалы салынып жатыр ма?

Қазақстан Үкіметінде тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс сапасын арттыру мәселелері қаралды. Кеңес ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өтіп, оған орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшылығы қатысты.
Жиын Мемлекет басшысының құрылыс сапасын жақсарту, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ұйымдастырылды.
Кеңесте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2024–2025 жылдары пайдалануға берілген нысандарға жүргізген мониторинг нәтижелері таныстырылды. Мониторинг барысында еліміз бойынша 1 032 нысан қамтылған. Оның ішінде 725 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны, 230 тұрғын үй құрылысы мен абаттандыру объектісі және 77 инженерлік, көліктік, әкімшілік және өзге де инфрақұрылым нысандары бар.
Тексеру нәтижесінде бірқатар өңірлерде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына және құрылыс бақылауын ұйымдастыруға қатысты кемшіліктер анықталған. Әсіресе, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ операторы болып табылатын «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған нысандардың жай-күйіне ерекше назар аударылды.
Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс саласында көзбояушылыққа жол берілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс сапасы жобалау кезеңінен бастап, құрылыс-монтаждау жұмыстары, техникалық және авторлық қадағалау, нысандарды қабылдау және кепілдік міндеттемелерін орындау кезеңдеріне дейін толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Кеңесте тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның, автомобиль жолдарының, абаттандыру және сыртқы жарықтандыру объектілерінің, сондай-ақ теміржол вокзалдары мен автовокзалдардың құрылысына бақылауды күшейту қажеттігі айтылды. Анықталған барлық кемшіліктер мердігер ұйымдардың өз қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелері шеңберінде жойылуы тиіс екені баса көрсетілді.
Сонымен қатар жиында тұрғын үйді мұқтаж азаматтарға бөлу тәртібі және жол құрылысына қажетті битуммен қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Жауапты органдарға тұрғын үйді уақытылы беру, битумға қажеттілікті алдын ала жоспарлау және жол-құрылыс маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету бойынша үйлесімді жұмыс жүргізу тапсырылды.
Кеңес қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылыс процесіне қатысушылардың дербес жауапкершілігін арттыруды, формальды бақылаудан нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмысқа көшуді және барлық кезеңде құрылыс сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.