Қоғам

Елімізде «ақылды» су басқару жүйесі пайда болады

Қазақстанда су ресурстарын басқарудың жаңа кезеңі басталмақ. Жақын арада елімізде Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі толық іске қосылып, су нысандары туралы барлық маңызды мәліметтер бір платформаға біріктіріледі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов мәлімдеді.

Жаңа жүйеде өзен-көлдер, су қоймалары, каналдар, гидротехникалық құрылыстар, жер асты сулары мен су пайдаланушылар туралы ақпарат жинақталады. Мамандардың айтуынша, бұл су қорын тиімді басқаруға және нақты есеп жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда платформа іске қосылуға толық дайын. Бір ай ішінде барлық қажетті рәсімдер аяқталып, жүйе өнеркәсіптік пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар министрлік фермерлер мен өзге де су пайдаланушыларға көрсетілетін қызметтерді цифрландыруды жалғастыруда. Болашақта өтінім беру, келісімшарт жасау және төлем жүргізу процестері толықтай электронды форматта жүзеге асады.

Су тапшылығы мен су тасқыны қаупін алдын ала болжау бағытында да жаңа технологиялар енгізілуде. Осы мақсатта министрлік БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, гидрологиялық процестерді модельдейтін TALSIM-NG бағдарламасын бейімдеп жатыр.

Жаңа цифрлық шешімдер су ресурстарын басқарудың ашықтығын арттырып қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға және су қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Back to top button