Қоғам

SIM-карта мен телефонға қатысты жаңа ережелер енгізіледі

Қазақстанда телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға бағытталған жаңа заң қабылданды. Құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Заңның басым бөлігі 2026 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енеді.

Жаңа нормаларға сәйкес, енді байланыс қызметтерін рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру талап етіледі. Ұялы байланыс операторлары тариф бағасының өзгеруі туралы абоненттерді кемінде 60 күн бұрын хабардар етуге міндеттеледі. Сонымен қатар желідегі жоспарлы немесе апаттық ақаулар жөнінде де алдын ала ақпарат беріп отырады.

Заңда телефон алаяқтығына қарсы күрес шаралары да күшейтілген. Болашақта қоңырау шалған абонент туралы ақпарат телефон экранында көрсетіліп, күмәнді трафикті анықтау тетіктері жетілдіріледі. Сондай-ақ SIM-карта мен телефон нөмірін басқа адамға тұрақты пайдалануға берген жағдайда оны қайта рәсімдеу қажет болады.

Бұдан бөлек, қазақстандықтарға eGov, e-Otinish және басқа да әлеуметтік маңызы бар цифрлық сервистерге тегін қолжетімділік беріледі. Заң байланыс сапасын арттыруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Back to top button