Қоғам

Өңірде жыл басынан бері екі бала терезеден құлаған

Ұлытау облысында балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз терезе» республикалық акциясы жалғасып жатыр. Акция аясында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне арнайы терезе бұғаттағыштарын орнатып, ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде.

Құтқарушылар көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, балалардың өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, тұрғындар көп жиналатын ойын-сауық орталықтары мен тұрғын үй аулаларында арнайы жадынамалар таратылды.

Мамандардың мәліметінше, биыл Ұлытау облысында балалардың терезеден құлауының екі дерегі тіркелген. Өкінішке қарай, оның бірі қайғылы жағдаймен аяқталған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Әлібек Абиловтың айтуынша, москит торлары балаларды құлаудан қорғамайды. Сондай-ақ ата-аналарға терезе маңына бала оңай шығып кететін жиһаздарды қоймау, бөлмені желдеткен кезде терезенің жоғары форточкасын пайдалану және міндетті түрде арнайы терезе бұғаттағыштарын орнату ұсынылады.

Құтқарушылар балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың жауапкершілігінде екенін еске салады. Сондықтан әрбір отбасы үйдегі қауіпсіздік ережелерін сақтап, жазатайым оқиғалардың алдын алуға ерекше назар аударуы қажет.

Back to top button