Мәдениет

Жезқазғанда БАҚ өкілдері құрметке бөленді

Жезқазғанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты кеш өтті. Мерекелік іс-шараға өңірдің журналистері, редакторлары, телеарна мен газет қызметкерлері, баспасөз хатшылары, сондай-ақ ақпарат саласының ардагерлері қатысты.

Жиында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Берік Әбен кәсіби мерекемен құттықтап, журналистиканың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға және қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді үлес қосқан БАҚ өкілдері қала әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мереке аясында өңір журналистикасының дамуына елеулі үлес қосқан БАҚ қызметкерлеріне Базарбай Әлеуханұлы атындағы арнайы сыйлық табысталды. Премия иегерлеріне 100 мың теңгелік ақшалай сертификат берілді. Жезқазған қалалық мәслихатының төрайымы Раушан Қапарова да ақпарат саласы қызметкерлеріне ізгі тілегін білдіріп, олардың қоғамдағы еңбегіне жоғары баға берді.

Салтанатты кеште ақпарат саласының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, өңірдегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының ұжымдарына арнайы сертификаттар табысталды. Марапатталғандар қатарында «ULYTAU» облыстық телерадиокомпаниясы, «Жезқазғанский вестник», «Сарыарқа», «Аймақ ақшамы», «Мысты өңір» газеттері мен «Ұлытау инсайд» ақпараттық порталы бар.

Кеш соңында ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс, шалқар шабыт пен ел игілігі жолындағы еңбектеріне толайым жетістік тіледі.

Back to top button