Қазақстанда жарты жылда 1885 есірткі қылмысы анықталды

2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтіліп, 1885 есірткі қылмысының жолы кесілді. Оның ішінде бір трансұлттық топты қоса алғанда, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Қуандық Әлжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, арнайы операциялар барысында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 9 ұйымдастырушысы мен 29 белсенді мүшесі ұсталған.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында интернет кеңістігіндегі заңсыз қызметтерге де тосқауыл қойылуда. Биыл 15 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс бұғаттау үшін «Киберқадағалау» жүйесіне жіберілді. Ұлттық банкпен бірлескен жұмыстар нәтижесінде жалпы көлемі 135 миллион теңгені құрайтын күмәнді қаржы операциялары тоқтатылып, 177 мың шетелдік төлем картасы бұғатталды. Сонымен қатар есірткі саудасынан түскен табысты заңдастыру белгілерін тексеру үшін 26 мың криптокәмиян Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған.
Баспасөз мәслихатында синтетикалық есірткі өндірісінің ауылдық жерлерге ойысып бара жатқаны да айтылды. Жыл басынан бері синтетикалық есірткі өндіретін 15 жасырын зертхана жойылып, олардың шамамен 70 пайызы шалғай ауылдарда орналасқаны анықталған.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары 580 келі синтетикалық есірткі мен 12 тоннадан астам прекурсор тәркіледі. Мамандардың мәліметінше, бұл көлемдегі прекурсорлардан шамамен 1,5 тонна синтетикалық есірткі өндірілуі мүмкін болған. Уақытылы жүргізілген операциялардың арқасында бұл өнімдердің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
Қуандық Әлжановтың сөзінше, қабылданып жатқан шаралар өз нәтижесін бере бастаған. Қазіргі таңда синтетикалық есірткінің заңсыз нарықтағы бағасы өсіп, тапшылығы байқалады. Сонымен қатар оларды тасымалдауда қиындықтар туындап, тыйым салынған заттарды сататын интернет-дүкендерге қол жеткізу де айтарлықтай қиындаған. Бұдан бөлек, есірткі бизнесінің бір бөлігі көршілес мемлекеттердің аумағына ауысқаны байқалады.