Жасанды интеллект қоқыс тастағандарды анықтап жатыр

Ұлытау облысында қоғамдық тазалықты бақылауға цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Облыстық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығындағы интеллектуалды бейнебақылау жүйесі санитарлық талаптардың бұзылуын нақты уақыт режимінде анықтап, құқықбұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жоба республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып, өңірдегі тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі таңда облыс аумағында 3748 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 202-сі жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған. Соның ішінде 60 камера абаттандыру және тазалық талаптарының сақталуын бақыласа, тағы 60 камера қоқыстың рұқсат етілмеген орындарға төгілуі мен түтін шығу фактілерін автоматты түрде тіркейді.
Жүйе қоқысты белгіленбеген жерге тастаған немесе абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтарды бірден анықтайды. Ақпарат сол мезетте Жедел басқару орталығына түсіп, оқиға орнына ең жақын полиция жасағы жіберіледі. Бұл құқықбұзушылықтардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен абаттандыру қағидаларын бұзудың екі мыңға жуық дерегі анықталған. Сонымен қатар көшелерді, саябақтарды, аулалар мен басқа да қоғамдық орындарды ластаудың жүзден астам фактісі тіркелген. Аталған құқықбұзушылықтардың барлығы бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдары түсіндіру жұмыстарын және профилактикалық рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мамандардың айтуынша, заманауи интеллектуалды бейнебақылау жүйелері «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірдегі тазалықты сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды құралына айналып отыр.