Заң және тәртіп

Қауіпті қоңырауға алданбаңыз!

Жезқазған қаласының прокуратурасы тұрғындарды интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерінен сақ болуға үндеді. Ведомствоның мәліметінше, елімізде интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Бас прокуратураның бастамасымен іске қосылған «Антиколл-орталық» жобасы аясында 1,5 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталып, шетелде жұмыс істейтін 12 алаяқтық колл-орталығы бақылауға алынған. Сонымен қатар, заңсыз рәсімделуі мүмкін 114 несие тоқтатылып, азаматтардың 250 миллион теңгеден астам қаржысын жоғалтудың алдын алу мүмкін болған.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде соңғы үш жылда алғаш рет елімізде интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 11 пайызға азайып, 12 500-ден 11 мың жағдайға дейін төмендеген.

Осыған байланысты Жезқазған қаласының прокуратурасы тұрғындарға мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді: банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеу; күмәнді сілтемелерге өтпеу; белгісіз адамдардың «қауіпсіз шотқа ақша аудару» туралы ұсыныстарына сенбеу; күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласу; жеке банк карталарын, банктік шоттарды және төлем деректерін үшінші тұлғаларға пайдалануға бермеу. Себебі мұндай әрекет дропперлік қылмысына тартылуға себеп болуы мүмкін.

Прокуратура өкілдері қырағылық таныту – интернет-алаяқтардың құрбаны болмаудың ең тиімді жолы екенін еске салады.

Back to top button