Қоғам

Ұлттық теледебатқа жастар ерекше қызығушылық танытты

Құрылтай сайлауы қарсаңында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы ұйымдастырған «Қазақстанның болашағы – адам капиталы» атты Ұлттық теледебат өз мәресіне жетті. Биыл саяси пікірсайыс алғаш рет корпорацияның Алматы қаласындағы жаңа медиакешенінде өтті.

Теледебатқа «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және «Respublica» партияларының өкілдері қатысты.

Тікелей эфир барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру, еңбек нарығы, адам капиталының сапасын арттыру және қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Кандидаттар өз бағдарламаларын таныстырып, көрермендердің сауалдарына жауап берді.

Ұлттық телеарна ұсынған мәліметке сәйкес, теледебат көрермендерінің басым бөлігін жастар құрады. Атап айтқанда, аудиторияның 50,8 пайызы – 24 жасқа дейінгі азаматтар, ал 35 жасқа дейінгі көрермендердің үлесі 61,3 пайызға жеткен. Сонымен қатар, көрермендердің 61,5 пайызы ерлер, 38,5 пайызы әйелдер болды.

Айта кетерлігі, теледебаттың эфир уақыты УЕФА Чемпиондар лигасы аясындағы «Қайрат» (Қазақстан) пен «Омония» (Кипр) арасындағы матчпен қатар өткеніне қарамастан, бағдарламаның қаралым көрсеткіші жоғары деңгейде сақталған.

Биылғы теледебат бұрынғы форматтан ерекшеленді. Қатысушылар студияға өз қолдаушыларымен бірге арнайы брендтелген шағын автобустармен келді. Сондай-ақ партия өкілдері пікірсайыс мәдениеті мен өзара құрмет қағидаларын бекітетін этика хартиясына қол қойды.

Жобаның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында спикерлердің сөйлеу реті рандомайзер арқылы анықталып, нәтижесі бірден эфирлік графикада көрсетілді.

Пікірсайыс өткен 1050 шаршы метрлік заманауи студия LED-декорациялармен және жаңа инженерлік технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар, Sky-студия мен дрон арқылы Алматы қаласының кешкі панорамасы көрсетілді.

Теледебат «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан бөлек, YouTube, Facebook, TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетілді. Онлайн трансляциялар мен бейнематериалдарды 500 мыңнан астам адам тамашалаған.

Әлеуметтік желілердегі белсенділік те жоғары болды. YouTube платформасында 65 мыңнан астам пікір жарияланып, 90 мың лайк жиналды. TikTok-та 27,5 мың пікір жазылып, 57 мың лайк басылса, Facebook желісінде 15 мыңға жуық пікір мен 600-ден астам реакция тіркелді.

Back to top button