Қоғам

Қазақстанда «жасыл» энергия өндірісі рекордтық өсім көрсетті

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) өндірілетін электр энергиясының көлемі Мемлекет басшысының тапсырмасынан асып түсті. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жаңартылатын энергия нысандары 8,6 млрд кВт·сағат электр энергиясын өндірді. Бұл республикадағы жалпы электр энергиясы өндірісінің 7%-ын құрайды.

Салыстырмалы түрде айтқанда, 2022 жылы ЖЭК нысандары 5,11 млрд кВт·сағат электр энергиясын өндіріп, оның жалпы энергия теңгеріміндегі үлесі 4,5% болған. Осылайша, соңғы үш жылда жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 1,7 еседен астам өсіп, Мемлекет басшысының бұл бағыттағы тапсырмасы белгіленген межеден жоғары деңгейде орындалды.

Министрліктің мәліметінше, бұл нәтижеге жаңартылатын энергетиканы дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың арқасында қол жеткізілді. Атап айтқанда, ЖЭК жобалары бойынша аукциондық сауда-саттықтардың өткізілуі, инвестициялардың тартылуы және жаңа энергетикалық нысандардың іске қосылуы оң әсерін тигізген.

Өткен жылы елімізде жалпы қуаты 503,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергия нысаны пайдалануға берілді. Ал биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын тағы 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 4 жел электр станциясы, 5 күн электр станциясы және 1 су электр станциясы пайдалануға беріледі.

Back to top button