Медициналық кітапша цифрлық форматқа көшті

Қазақстанда жеке медициналық кітапшалар толықтай электрондық форматқа көшірілді. Енді құжатты беру, есепке алу және жүргізу цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл өзгеріс міндетті медициналық тексерулердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Электрондық жеке медициналық кітапшада міндетті медициналық тексерулердің нәтижелері мен қызметкердің жұмысқа жіберілгені туралы мәліметтер сақталады. Барлық ақпарат цифрлық жүйе арқылы расталады, бұл қағаз құжаттарды қолдану қажеттілігін жояды.
Цифрлық жүйеге көшкен бір жылдың ішінде Қазақстан жұмысшыларды еңбекке жіберуді бақылаудың алғашқы кезеңін сәтті аяқтады. Нәтижесінде қағаз құжат айналымынан бас тартылып, медициналық тексерулердің бірыңғай электрондық есебі қалыптасты.
Қазіргі таңда елде жеке медициналық кітапша міндетті болып саналатын 15 қызмет саласы анықталған. Олардың қатарында қоғамдық тамақтандыру және тамақ өнеркәсібі қызметкерлері, медицина ұйымдарының мамандары, білім беру мекемелерінің қызметкерлері, балалар лагерьлерінің, дәріханалардың, қонақүйлердің, санаторийлердің, сондай-ақ шаштараздар, сұлулық салондары, моншалар, сауналар мен бассейндердің қызметкерлері бар.
Жаңа жүйенің арқасында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс азаматтардың мәліметтерін қашықтан тексере алады. Ал медициналық кітапша бұрынғыдай медициналық ұйымдарда рәсімделеді, бірақ барлық ақпарат автоматты түрде ақпараттық жүйеде қалыптасады.
Сонымен қатар, жүйе медициналық кітапшаның қолданылу мерзімі аяқталуға бес күн қалғанда ескерту жіберіп, мәліметтерді уақытылы жаңартуға мүмкіндік береді.
Электрондық форматтың басты артықшылықтарының бірі – құжаттарды қолдан жасау қаупінің айтарлықтай төмендеуі. Сондай-ақ қызметкерлерге қағаз медициналық кітапшаны өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Жұмыс берушілер де қызметкердің медициналық тексеруден өткенін және жұмысқа жіберілгенін онлайн режимде жедел тексере алады.
Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдық халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін күшейтіп, медициналық тексерулердің мерзімін бақылауды жеңілдетеді.