82 азаматтың құқығы қалпына келтірілді

Ұлытау облысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің өкілі Жолшыбек Олжас мәлімдеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау – Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Бақылау шаралары қызмет көрсету барысында заң бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Есепті кезеңде жүргізілген тексерулер нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында 4925 заң бұзушылық, ал өзге бақылау шаралары барысында 7213 заң бұзушылық анықталды. Аталған фактілер бойынша мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар мен ұсынулар жолданған. Ең жиі кездескен бұзушылықтар қатарында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін және белгіленген тәртіпті сақтамау бар.
Сонымен қатар, рұқсат беру құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 465-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес 6 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде 82 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, азаматтарды мемлекеттік қызметтерді алу тәртібімен таныстыру үшін «Елге қызмет» телебағдарламасының арнайы 7 шығарылымы дайындалып, ULYTAU TV және Aqsham телеарналарында эфирге шықты.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған түсіндіру кездесулері өткізіліп, онлайн жәрмеңкелер мен интернет-конференциялар ұйымдастырылды.
Жалпы, атқарылған жұмыстар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, олардың сапасын арттыруға және азаматтарға клиентке бағдарланған қызмет көрсету қағидаларын нығайтуға бағытталған.