Қоғам

Аяқ киім саудасында таңбалау талаптарын сақтау міндетті

Қазақстанда аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау 2021 жылғы 1 қарашадан бастап енгізілген. Ал 2026 жылғы 21 ақпаннан бастап аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау функциялары Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен Қаржы министрлігінің қарауына берілді.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, аяқ киім өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерлер бірқатар міндетті рәсімдерді орындауы тиіс. Ең алдымен олар электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне тіркелуі қажет. Сондай-ақ құны шамамен 15–20 мың теңге болатын екі өлшемді Data Matrix сканерін сатып алып, оны бақылау-кассалық машинаға қосуы керек. Бұл жұмыстарды кассалық техникаларға қызмет көрсететін мамандандырылған орталықтар жүзеге асырады.

Жаңа аяқ киім партиясын сатып алу кезінде көтерме жеткізушілер тауарды Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесі арқылы рәсімдеп, қабылдау-тапсыру актісін жолдайды. Ал бөлшек сауда субъектілері бұл актіні өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен растауға міндетті.

Тауарды тұтынушыға сату барысында әрбір аяқ киімнің Data Matrix коды міндетті түрде сканерленеді. Осыдан кейін бақылау-кассалық машина таңбалау коды көрсетілген фискалдық чекті қалыптастырады, ал өнім ақпараттық жүйедегі айналымнан автоматты түрде шығарылады.

Егер таңбаланған тауар жарамсыз болып қалса немесе кәсіпкер оны өз қажеттілігіне пайдаланса, мұндай өнімді ақпараттық жүйеде арнайы хабарлама жолдап, айналымнан шығару және оның себебін көрсету қажет. Бұл рәсім уақытылы орындалмаса, тауар жүйеде қалдық ретінде есепте тұрады.

Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерді аяқ киім өнімдерін таңбалау талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Себебі таңбаланбаған аяқ киім өнімдерін өткізу фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 284-бабы 7-тармағының 6-1) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алғаш рет құқық бұзушылық жасағандарға ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады.

Back to top button