Білім

75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантына ие болды

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі конкурс нәтижелерін жариялады. Биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

2026 жылы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына шамамен 127 мың өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Көрсеткіш жоғары білім алуға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы ел экономикасының білікті кадрларға деген ұзақ мерзімді сұранысын ескере отырып қалыптастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, гранттардың 60 пайызы елдің индустриялық және технологиялық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар инженерлік және техникалық даярлау бағыттарына бөлінді.

Өңірлерді білікті мамандармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінді. «Серпін» жобасы аясында екі мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алады.

Гранттарды бөлу кезінде заңнамада көзделген мемлекеттік қолдау тетіктері толық сақталды. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған квоталар, халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурстан тыс берілетін гранттар қарастырылған. Сонымен қатар мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға 1816 грант бөлінді.

Биыл грант конкурсының қағидалары өзгеріссіз қалып, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге басымдық берілді. Мемлекеттік гранттар қазақстандық жастарға сапалы жоғары білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, елдің болашақ кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ Қазақстаннан шықпай-ақ әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының дипломын алу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Елімізде жұмыс істейтін шетелдік жоғары оқу орындары мен олардың филиалдарында білім алу үшін де мемлекеттік гранттар қарастырылған.

Мемлекеттік білім беру грантының электрондық куәліктері үш жұмыс күні ішінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады.

Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызды қоса алғанға дейін жалғасады.

Конкурс нәтижелері туралы ресми ақпаратты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми парақшасынан және министрдің ресми Telegram-арнасынан, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің Telegram-арнасынан білуге болады.

Back to top button