Отандық өнімнің өрісі кеңейіп келеді
Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау және импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыру, мемлекеттік сатып алуда басымдық беру, ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттар жасау сияқты қолдау тетіктері ұсынылуда.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Самұрық-Қазына» тобы отандық өндірушілермен жалпы құны 594 млрд теңгеден асатын 3,8 мыңнан астам келісімшарт жасасты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға жоғары. Сонымен қатар импортты алмастыруға бағытталған 53 млрд теңгенің 9 жобасы мақұлданды.
Соңғы жеті жылда жаңа өндірістерді іске қосуға арналған 108 жоба қолдау тауып, нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Бұдан бөлек, «Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне» 10 мыңнан астам кәсіпорын енгізілді. Бұл жүйе отандық өндірушілердің мемлекеттік және ірі корпоративтік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Мемлекеттік қолдау шараларының негізгі мақсаты – ішкі өндірісті дамыту, қазақстандық қамту үлесін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және импортқа тәуелділікті азайту.