Тасқа қашалған тарихты білесіз бе?

Ұлытау даласында тарихты кітаптан емес, тастан оқуға болатын ерекше мекен бар. Ол — Теректі әулие тарихи-археологиялық кешені.
Теректі әулие Жезқазған қаласынан шамамен 80 шақырым шығысқа қарай, Теректі теміржол станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде үш төбенің бойында көне петроглифтер, тас дәуірінің тұрақтары, қола дәуірінің қоныстары мен қорымдары, ерте темір дәуірінің обалары және ортағасырлық жерлеу орындары бар.
Кешеннің ең басты ерекшелігі – жартастарға қашалған суреттер. Мұнда жылқы, түйе, бұғы, өгіз, ешкі, құс және түрлі таңбалар бейнеленген. Зерттеу деректерінде шамамен 300-ге жуық петроглифтің 27 тас бетінде сақталғаны көрсетіледі.
Бұл суреттердің барлығы бір кезеңге тиесілі емес. Теректі әулиедегі петроглифтер қола дәуірінен ортағасырлық кезеңге дейінгі уақытты қамтиды. Яғни бір жартастың өзінен әр дәуірде өмір сүрген адамдардың дүниетанымының ізін көруге болады. Қызығы, Теректі әулие туралы алғашқы жазба деректердің бірі XI ғасырдағы ғалым Әбу Райхан әл-Бирунидің еңбектерінде кездеседі. Ол бұлақ маңындағы адам табаны мен тұлпар тұяғының іздеріне қатысты мәлімет қалдырған.
Ал ескерткішті ғылыми тұрғыда зерттеу ХХ ғасырда қолға алынды. 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы кезінде нысан ғылыми айналымға енгізіліп, кейін академик Ә.Х. Марғұланның еңбектерінде сипатталды. 1996 жылдан бастап Теректі әулиеде кешенді археологиялық зерттеулер жүргізіле бастады. Ғалымдардың назарын әсіресе жылқы бейнелерінің көптігі аударған. Ежелгі адамдар үшін жылқының тұрмыстық қана емес, дүниетанымдық маңызы да болғанын петроглифтер арқылы байқауға болады.
Теректі әулиенің ерекшелігі тек петроглифтермен шектелмейді. Мұнда ежелгі кен өндіру орындарының іздері де сақталған. Яғни бұл аумақтан адамдардың әр кезеңдегі тұрмысын, шаруашылығын және дүниетанымын көрсететін бірнеше түрлі археологиялық нысан қатар табылған. Бүгінде Теректі әулие – Ұлытаудың қасиетті әрі тарихи орындарының бірі. Ол Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің аумағында орналасқан және өңірдің киелі нысандарының қатарына енгізілген.
Теректі әулиеге қарасаңыз, жай ғана тас пен суретті көрмейсіз. Бірнеше мың жыл бұрын осы далада өмір сүрген адамдардың қалдырған ізін көресіз.Тасқа қашалған әр жылқы, әр аң, әр белгі – бүгінгі ұрпаққа жеткен үнсіз тарих.
Дереккөз: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі.