Қоғам

Ұлытау облысында 16 табиғи өрт тіркелді

Ұлытау облысында өрт қаупі жоғары кезең жалғасып жатыр. Күннің ысып, желдің күшеюі табиғи және дала өрттерінің шығу қаупін арттырып отыр. Осыған байланысты өңірде өрттің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге дайындық күшейтілді.

Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы облыс аумағында 512 гектар жерді қамтыған 16 табиғи өрт тіркелген. Сонымен қатар 795 гектар аумақта 3 дала өрті болған. Өрт оқиғаларының барлығы Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында тіркелді. Мамандардың айтуынша, қауіпті кезеңдегі негізгі міндет – өрт ошағын дер кезінде анықтап, жалынның кең аумаққа таралуына жол бермеу.

Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ермек Исмаиловтың айтуынша, өрт қаупі жоғары кезең басталғанға дейін орман шаруашылықтары мен «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге өрт кезінде бөлімшелердің өзара іс-қимылын пысықтау үшін 5 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілген. Бұдан бөлек, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында 1000 шақырымнан астам минералданған жолақ жасалды.

Өрт сөндіру қызметінің техникалық дайындығы да күшейтілген. Қазіргі таңда ТЖД бөлімшелерінде 38 негізгі, 9 арнайы және 30 қосалқы техника бар. Сондай-ақ «Ермак» жоғары қысымды 2 қондырғысы мен 65 арқалық өрт сөндіргіш дайын тұр. Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы да тұрақты бақылауда. Апта сайын рейдтік шаралар жүргізіледі. Нәтижесінде 7 жеке және 1 заңды тұлғаға жалпы сомасы 1 млн 297,5 мың теңге айыппұл салынған.

Мамандардың айтуынша, ауа температурасының 40 градустан жоғары болуы және желдің күшеюі дала өрттерін сөндіруді қиындатады. Әсіресе тау бөктері, шатқалдар мен күрделі жер бедері бар аумақтарда өрттің таралу қаупі жоғары. Өрттің алдын алуда ерікті жасақтардың да үлесі зор. Қазіргі таңда облыста 33 ерікті өртке қарсы құрылым жұмыс істейді. Олардың құрамында 1288 адам бар.

ТЖ қызметі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, табиғатта от жақпауға және өрт белгілері байқалған жағдайда дереу тиісті қызметтерге хабарлауға шақырады.

Back to top button