Қоғам

Қазақстанда егін жинау ерте басталды

Қазақстанда биылғы егін жинау науқаны ерте басталып, алғашқы көрсеткіштер өнімділіктің артқанын көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде 24,2 млн гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Оның 15,6 млн гектарын дәнді және бұршақты дақылдар құрайды.

Қазірдің өзінде 1,9 млн гектар немесе 12,5% дәнді дақыл алқабы жиналды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары көрсеткіш. Өткен жылы осы уақытта 1 млн гектар ғана орылған. Егін жинаудың ерте басталуына биылғы жаздың әдеттен тыс ыстық болуы әсер еткен. Соған қарамастан, өнімділік те жоғары. Қазіргі таңда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 16,4 центнерді гектарына құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 14,8 центнер болған. Жалпы 3,2 млн тонна астық жиналды.

Майлы дақылдардың өнімділігі де артқан. Қазірдің өзінде 3,4 мың гектар алқаптан өнім жиналып, орташа көрсеткіш 10,5 ц/га болды. Былтыр бұл 7,4 ц/га еді. Картоптан да жоғары нәтиже бар. Ұйымдасқан шаруашылықтарда 214 мың тонна картоп жиналып, өнімділік 249,2 ц/га деңгейіне жетті. Сонымен қатар 628,6 мың тонна көкөніс және 506,9 мың тонна бақша дақылы жиналды.

Егін жинау жұмыстарына 130,8 мың трактор, 29 мың астық комбайны, 17 мың орақ және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылады. Қазіргі уақытта техниканың дайындық деңгейі шамамен 97%-ды құрайды. Шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге де басымдық берілген. Оларға жоспарланған тыңайтқыштың 83%-ы, яғни 1,9 млн тонна тыңайтқыш жеткізілді. Ал егін жинау жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Негізгі астық егетін өңірлердегі шаруалар үшін дизельдің литрі 305–310 теңге шамасында белгіленіп, нарықтық бағадан шамамен 10%-ға төмен сатылуда.

Жиналған өнімді сақтауға арналған қоймалардың жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тонна. Қазіргі таңда олардың жүктемесі 17% деңгейінде. Дегенмен Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жекелеген элеваторлардың жүктемесі 40%-дан асып кеткен. Осыған байланысты қоймаларды жаңа өнімді қабылдауға дайындау тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин агротехнологияларды дұрыс сақтаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, құрғақ әрі ыстық жазға қарамастан, өнімділіктің 16,4 ц/га-ға жетуі – шаруалардың технологиялық талаптарды сақтауының нәтижесі.

Биылғы жиын-терім науқанының негізгі міндеті – мол өнімді уақытылы жинап, оны сақтауға және өңдеуге қажетті жағдайды қамтамасыз ету.

Back to top button