Заң және тәртіп

Түнгі қаладағы балалар: полиция 7 айда 1146 фактіні анықтады

Ұлытау облысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.

Рейд барысында полиция қызметкерлері ойын-сауық орындары мен қоғамдық орындарды тексеріп, түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтайды. Жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне қатысты 1146 факт тіркелген. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша – 1116 дерек, ал кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына қатысты 132-бап бойынша 14 факт анықталған.

Полиция өкілдерінің айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты – ата-аналарды жазалау емес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу.Қолданыстағы талаптарға сәйкес, кәмелетке толмағандардың 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық орындарында, ал 23:00-ден 06:00-ге дейін ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуына жол берілмейді.

Полиция ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және заң талаптарын сақтауға шақырады.

Back to top button