Спорт

Әлем балуандары Астанаға жиналады

24 қазан мен 1 қараша аралығында Астана әлемдік күрестің орталығына айналады. Елордада әлемнің 100-ден астам елінен 800-ге жуық балуан жиналып, әлем чемпионы атағы үшін бозкілемде белдеседі.

Биылғы дода тек спорттық жарыспен шектелмейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – Қазақстандағы күрестің дамуына жаңа серпін беру, балалар мен жастарды спортқа тарту, отандық мамандардың тәжірибесін арттыру және еліміздің спорттық әлеуетін әлемге таныту. Қазақстандық күрес федерациясы бас хатшысының міндетін атқарушы Гүлбарам Құлахметованың айтуынша, чемпионат тоғыз жарыс күнін қамтиды. Алдымен грек-рим күресінен, кейін әйелдер күресінен сайыстар өтеді. Чемпионатты еркін күрес шеберлері қорытындылайды.

Чемпионаттың басты символдары да көпшілікке таныстырылды. Ресми логотипте күрестің динамикасы, қозғалысы мен бәсекелестік рухы ұлттық ою-өрнекпен үйлесім тапқан. Көк түстер Қазақстанның ұлттық болмысын айқындайды. Ал жарыстың ерекше кейіпкері – Muzbalaq, яғни Мұзбалақ. Қазақ дүниетанымындағы қыран бейнесі еркіндік, күш, батылдық пен биіктікті білдіреді. Бұл қасиеттер күрестің табиғатымен де үндеседі.

Мұзбалақ чемпионат күндері жанкүйерлермен бірге болады. Оны әлеуметтік желідегі науқандардан, балаларға арналған жобалардан, фан-аймақтардан және «Барыс Аренадағы» жарыс күндерінен көруге болады. Ал спортшылар үшін ең маңызды символ – «Астана-2026» әлем чемпионатының медалі. Оның дизайнында ұлттық ою-өрнек, қыран бейнесі және чемпионаттың негізгі визуалды элементтері біріктірілген.

Астанаға жүздеген спортшы келгенімен, олардың барлығының арманы бір – әлем чемпионы атанып, осы медальді мойнына тағу. Бірнеше айдан кейін дәл осы медаль әлемнің үздік балуандарына табысталады. Ал олардың спорттық жолындағы маңызды белестердің бірі ретінде «Астана-2026» атауы тарихта қалмақ.

Back to top button