Денсаулық

Мектеп пен балабақшаға «кенеттен» тексерулер жүргізілетін болады

Балалардың тамақтануы, білім алуы, медициналық көмек алуы және сауықтырылуының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілдері енгізілді.

Өзгерістер 2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған заң аясында қабылданды. Жаңа тәртіп балаларға қызмет көрсететін және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын нысандарға қолданылады. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, медициналық ұйымдар, интернаттар, студенттер жатақханалары, медициналық-әлеуметтік мекемелер, сәбилер үйлері мен балалар үйлері бар.

Ерекше бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулермен қатар, объектіге бару арқылы жүргізілетін мониторинг түрінде жүзеге асырылады. Бұл ретте тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізілуі мүмкін.

Жаңа тәртіптің басты ерекшеліктерінің бірі – мектеп аумағындағы асхана, медициналық пункт, спорт залдары және басқа да нысандарды кешенді бағалау. Бұл балалардың тамақтануы, оқу және дене шынықтыру жағдайларын жан-жақты бақылауға мүмкіндік береді.

Ал объектіге бару арқылы жүргізілетін мониторинг Президент, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Премьер-Министр және оның орынбасарларының тапсырмалары негізінде, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша өткізіледі. Мәселен, медициналық ұйымдардағы эпидемияға қарсы шаралардың жүргізілуі, мектептердің жаңа оқу жылына және сауықтыру нысандарының жазғы маусымға дайындығы бағаланады.

Жоспарлы тексеру мен мониторинг кезінде бірден айыппұл салу қарастырылмайды. Негізгі мақсат – анықталған бұзушылықтарды жоюға бағытталған нұсқама беру. Алайда балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, жедел ден қою шаралары қолданылады. Оның ішінде нысан қызметін уақытша тоқтату, қызметкерлерді жұмыстан шеттету және талапқа сай келмейтін өнімдерді алып қою бар.

Ұлытау облысында 2026 жылдың екінші жартыжылдығында ерекше бақылаумен 318 объектіні қамту жоспарланған.

Бұған дейін де жаңа бақылау тәсілдері аясында бірқатар мониторинг жүргізілді. Сәуір-маусым айларында балаларға медициналық қызмет көрсететін 127 денсаулық сақтау объектісі қамтылып, нәтижесінде 76 нұсқама берілді. Сонымен қатар қызметті тоқтата тұру және жұмыстан шеттету түрінде 5 жедел ден қою шарасы қолданылды.

Маусым айында білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығы тексерілді. Мониторингке 77 жалпы білім беретін мектеп пен 5 мектеп-интернат, барлығы 82 білім беру нысаны қатысты. Нәтижесінде 71 нұсқама беріліп, 7 жедел ден қою шарасы қолданылды.

Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – бұзушылықтың салдарын жоюмен шектелмей, оның алдын алуға көшу. Бұл балалардың қауіпсіздігін күшейтіп, ата-аналар үшін бақылаудың ашықтығын арттыруға және балаларға қызмет көрсететін ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы өзгерістер – ең алдымен, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Back to top button