Айыппұлыңыз кешірілуі мүмкін! Бірақ бәріне емес

Қазақстанда 2026 жылғы 2 шілдеден бастап әкімшілік айыппұлдардың жекелеген түрлеріне рақымшылық жасау туралы заң күшіне енді. Жаңа тәртіпке сәйкес, талаптарға сай келетін азаматтар мен кәсіпкерлер орындалмаған әкімшілік айыппұлдарды төлеуден босатылуы мүмкін.
Рақымшылық Қазақстан азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына қатысты қолданылады. Қандай айыппұлдар кешірілуі мүмкін? Мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне жататын бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдар рақымшылыққа ілігуі мүмкін.
Олардың қатарында: салық заңнамасын бұзу; салық есептілігін ұсыну мерзімдерін бұзу; бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін бұзу; мемлекеттік кірістер органдары қарайтын өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдар бар. Алайда мұнда маңызды бір жайт бар: рақымшылық салық берешегінің өзіне емес, әкімшілік айыппұлға қатысты. Яғни салықтың негізгі қарызы немесе бюджетке төленуге тиіс басқа міндетті төлемдер есептен шығарылмайды.
Заңда рақымшылық қолданылмайтын жағдайлар да нақты көрсетілген. Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 275-бабында көзделген салық салу объектілерін және өзге де мүлікті жасыруға қатысты құқық бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды. Сондай-ақ 277-баптағы бюджетке төленуге тиіс салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару және 278-баптағы салықтар мен міндетті төлемдер сомаларын төмендетуге қатысты құқық бұзушылықтарға рақымшылық қолданылмайды.
Бұдан бөлек, сот тағайындаған әкімшілік жазалар да рақымшылыққа кірмейді. Рақымшылықты қолдану үшін азаматтар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік кірістер органдарына арнайы өтініш берудің қажеті жоқ. Егер әкімшілік айыппұл заңда белгіленген талаптарға сәйкес келсе, оны орындаудан босату тиісті мемлекеттік органдар тарапынан белгіленген тәртіппен автоматты түрде жүзеге асырылады.
Рақымшылыққа жататын айыппұлдар бойынша қаулыларды орындау және атқарушылық іс жүргізу де заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылуға жатады. Есте ұстайтын маңызды нәрсе әкімшілік рақымшылық – салық берешегін кешіру деген сөз емес. Егер азаматтың немесе кәсіпкердің салықтар бойынша негізгі берешегі болса, оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтеу қажет.
Ал өзіне қатысты нақты әкімшілік айыппұлдың рақымшылыққа жататынына күмәні бар азаматтар мемлекеттік кірістер органдарына жүгініп, жеке жағдайы бойынша ақпарат ала алады.