Елімізде дәрігер тапшылығы 20 пайызға азайды

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Елде дәрі-дәрмек өндірісі ұлғайып, ауылдарда медициналық нысандар көбейіп, цифрлық технологиялардың көмегімен медициналық қызметтердің ашықтығы артып келеді.
Соңғы үш жылда отандық фармацевтика өндірісі 37%-ға өсіп, 191 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісі 126,6 млрд теңгені құрап, бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 30%-ға артқан. Бүгінде Қазақстанда 209 фармацевтикалық және медициналық өнім өндіруші жұмыс істейді. Оның 43-і дәрі-дәрмек шығарады. Отандық компаниялар қазірдің өзінде 2 994 түрлі дәрі мен медициналық бұйымды тіркеген.
Өндірісті одан әрі күшейту үшін елімізде сегіз ірі жоба жүзеге асырылуда. Оларға 391,3 млрд теңге инвестиция салынып, шамамен 1 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа кәсіпорындарда онкологиялық аурулар, қант диабеті, инфекциялық және басқа да дерттерді емдеуге арналған препараттар, вакциналар мен орфандық дәрілер шығару жоспарланған.Бұл – Қазақстанның импортқа тәуелділігін азайтып, халықты қажетті дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Ауылдағы медицина да өзгереді. Медициналық көмекті халыққа жақындату бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. 2019 жылдан бері елімізде 1 263 денсаулық сақтау нысаны салынған. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының барлығының құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар 32 аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр. Жұмыстар толық аяқталғанда 4 миллионнан астам ауыл тұрғыны аудан орталығынан-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады.
Дәрігерге жазылу да, анықтама алу да цифрлануда. Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру да жаңа деңгейге көтерілуде. 2025 жылы көрсетілген 215 млн-нан астам медициналық қызметтің 88,6%-ы электронды форматта ұсынылған. Былтыр 5,6 млн адам дәрігерге онлайн жазылу қызметін пайдаланған. Ал азаматтарға 8,5 млн-нан астам электрондық медициналық анықтама берілді.
Цифрлық бақылау бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына да әсер етуде. Мысалы, Face ID технологиясын енгізу медициналық көмекті негізсіз тұтынуды 7,5%-ға қысқартып, 2025 жылы шамамен 10,6 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берген. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап ББҚ-ны міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Бұл өнімнің өндірушіден бастап дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Медицина кадрларының тапшылығы азайып келеді. Мамандарды өңірлерге тарту үшін де қолдау күшейтілген. Әсіресе ауылдық жерлерде тапшы мамандықтар бойынша біржолғы төлем 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда елдегі дәрігер тапшылығы 20%-ға, ал ауылдық жерлерде 30%-ға азайған.
Жалпы, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер бірден бірнеше бағытты қамтып отыр: отандық дәрі өндірісі артып, ауыл медицинасы жаңарып, кадр тапшылығы қысқарып, цифрлық қызметтер кеңейіп келеді. Басты мақсат – медициналық көмекті халыққа барынша қолжетімді әрі сапалы ету.