Ұлытау тынысы

Ұлытаудың қақ ортасында бір кездері қала болғанын білесіз бе?

Ұлытауды қазір көбіміз тарихи кесенелер мен киелі орындарымен танимыз. Бірақ осы даланың төсінде ғасырлар бұрын қалалық өмір қайнағанын көпшілік біле бермейді.

Солардың бірі – Аяққамыр қалашығы.

Аяққамыр Жезді өзенінің бойында орналасқан. Археологтар оны X–XII ғасырларға жатқызады және оғыз кезеңінің ескерткіші ретінде қарастырады. Қалашықтың орны төртбұрышты болып келеді. Оның маңынан қорғаныс құрылыстары мен тас қабырғалардың іздері сақталған. Ең қызығы – бұл жердің жай ғана қоныс емес, қала мәдениеті қалыптасқан мекен болғанын археологиялық зерттеулер көрсетеді.

Ол кезде Ұлытау даласы бүгінгідей тек мал жайылымы емес еді. Өңір арқылы Сарысу немесе «мыс жолы» деп аталатын Ұлы Жібек жолының тармақтарының бірі өткен. Керуендер жүріп, сауда-саттық дамыған. Жол бойында қалалар, бекіністер мен керуен-сарайлар орналасқан. Аяққамыр да осындай тарихи ортаның бір бөлігі болған. Аяққамырдың тарихын ерекше ететін тағы бір нәрсе – қалашық пен кесененің қатар орналасуы. Аяққамыр кесенесі қалашықтан шамамен 300 метр жерде тұр. Кесене де XI–XII ғасырларға жатады және республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына енгізілген.

Кесененің кімге арналғаны туралы нақты мәлімет аз. Зерттеулерде оған Темірқұтлық деген атау да қатысты айтылады. Бірақ бұл жөнінде түрлі тарихи болжамдар бар, сондықтан оны нақты факт ретінде емес, зерттеу нұсқасы ретінде қарастырған дұрыс. Бүгінде Аяққамырдан көзге бірден түсетін үлкен қала қалмаған. Бірақ жер бедеріндегі қорғаныс құрылыстары мен көне қабырғалардың іздері осы жерде бір кездері тіршілік қайнағанын аңғартады.

Яғни бүгін жусаны тербелген дала болып көрінетін жерде мың жыл бұрын адамдар өмір сүріп, сауда жасап, қала тұрғызған. Аяққамырдың тарихы Ұлытаудың тек қазақ хандары мен батырларының мекені ғана емес, орта ғасырларда саудасы мен қалалық мәдениеті дамыған маңызды өңір болғанын да көрсетеді.

Дереккөз: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы.

Back to top button