Білім

Ауыл мектептерінде жасанды интеллект арқылы сабақ беру басталды

Қазақстанда ауылдық шағын жинақты мектептерге арналған ұлттық ЖИ-білім беру платформасының пилоттық жобасы іске қосылды.

1 қыркүйектен бастап еліміздің ауыл мектептерінде жасанды интеллектті білім беру процесіне енгізуге бағытталған жаңа жоба жұмысын бастады. Алғашқы кезеңге Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектеп қатысып отыр.

Жоба аясында ауыл оқушыларына Астана қаласының тәжірибелі педагогтері сабақ өткізеді. Арнайы сабақтар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында жабдықталған студиядан тікелей эфир арқылы ұйымдастырылады. Ал ауылдағы оқушылар сабаққа цифрлық платформа арқылы қосылады.

Бұл ретте оқушылар жалғыз қалмайды. Мектептердегі жергілікті мұғалімдер балаларға онлайн сабақ барысында және офлайн оқу кезінде қолдау көрсетіп, оқу процесін үйлестіреді.

ЖИ оқушыға қалай көмектеседі?

Жаңа платформа тікелей сабақтарды, заманауи оқу контентін және жасанды интеллект құралдарын бір жүйеге біріктіреді. Негізгі мақсат – ауыл балаларына білікті педагогтердің сабақтарына қолжетімділікті арттыру.

Мұндай тәсіл қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаны әзірлеу кезінде жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшылардың бірі, доктор Кай-Фу Лидің ұсынымдары да ескерілген.

Жаңа жүйемен жұмыс істеу үшін мұғалімдер алдын ала дайындықтан өтті. 21-25 тамыз аралығында Астанада ALFA Kazakhstan Teacher Training Camp бес күндік тренингі ұйымдастырылып, педагогтер жасанды интеллект платформасын қолдану және бірлескен оқыту моделін меңгерді.

Пилоттық жоба Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Q.AI және 01.AI компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жоба оқушылардың оқу нәтижелері мен педагогтер және оқушылардың пікірлері негізінде жетілдіріледі. Алдағы уақытта платформаны Қазақстанның басқа өңірлеріндегі мектептерге де енгізу жоспарланып отыр.

Back to top button