Ұлытау облысында 201,3 млн АҚШ долларын құрайтын ауқымды реновация жобасы басталды
Бүгін облыс орталығы – Жезқазған қаласында Пушкин – Байқоңыров көшелері бойындағы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу жұмыстарының бірінші кезеңіне ресми түрде бастау берілді. Үш кезеңнен тұратын жоба аясында алғашқы кезеңде төрт ескі тұрғын үй сүріліп, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешенінің құрылысы басталады.
Жалпы жоба 2026–2029 жылдары жүзеге асырылады. Осы кезең аралығында тозығы жеткен тоғыз екі қабатты тұрғын үйді бұзу жоспарланған. Олардың орнына заманауи талаптарға сай, биіктігі 11 қабатқа дейінгі көпқабатты тұрғын үй кешендері салынады.
Реновация барысында тұрғындардың мүддесін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұзылатын үйлердің барлық тұрғындары жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтермен қамтамасыз етіледі. Осылайша, азаматтар заманауи талаптарға сай жайлы тұрғын үйге қол жеткізеді.
Жобаның инвесторлары – Silk Road Yuntuo (Xi’an) Commercial Service Co., LTD және Build Stroy Group компаниялары.
Айта кетейік, биыл наурыз айында Ұлытау облысының әкімдігі мен Қытайдың Шэньси провинциясы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтіп, өңірдегі тұрғын үй қорын жаңартуға бағытталған меморандумға қол қойылған болатын. Бүгінде аталған уағдаластықтар аясындағы нақты жобаларды іске асыру жұмыстары басталды.