Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын
Ұлытау облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталу сатысында. Жылу энергетикасы нысандары, жылу және инженерлік желілер белгіленген кестеге сәйкес дайындалуда.
Өңірдегі негізгі екі жылу көзі – Жезқазған ЖЭО-сы мен Сәтбаев қаласындағы №1 жылу станциясы. Олар Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы 167 мың тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді.
Жезқазған ЖЭО-сында биыл екі қазандыққа күрделі, бес қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Қазандық №11-дегі күрделі жөндеу аяқталды, №6 қазандықтағы жұмыстардың орындалуы 71%-ды құрайды және 4 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Төрт турбинаның ағымдағы жөндеуі толық аяқталды. Қазандық №10 мен №5 турбинаны ауыстыру жұмыстары жалғасуда.
Сәтбаев қаласындағы №1 жылу станциясында қазандық №3 газ жолдарын күрделі жөндеу 93%-ға, ал төрт қазандықтың ағымдағы жөндеуі бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Жылу желілерін жөндеу бойынша жоспарланған 48,7 шақырымның 48 шақырымы, яғни 98,5%-ы орындалды. Сәтбаев қаласындағы қалған 700 метр учаскені 20 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, 1 272,4 шақырым электр желісі, 40,9 шақырым сумен жабдықтау және 15 шақырым су бұру желісі жөнделді. Көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы 100% қамтамасыз етілді.
Алдағы маусымға облыс бойынша 201 мың тонна көмір қажет. Бүгінде оның 102,5 мың тоннасы, яғни 51%-ы дайындалды. Көмір жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.
Жылыту маусымына дайындық барысы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланған.