Денсаулық

Әйелдерге қандай медициналық көмек тегін көрсетіледі?

Қазақстанда әйелдердің репродуктивтік денсаулығын қорғауға бағытталған медициналық қызметтердің кең ауқымы мемлекет есебінен көрсетіледі. Бұл көмек отбасын жоспарлаудан бастап жүктілікті бақылау, босану және босанғаннан кейінгі қалпына келу кезеңдеріне дейінгі барлық маңызды кезеңдерді қамтиды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Бүгінде еліміздегі 425 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы мен 24 облыстық перинаталдық орталықтың базасында әйелдер консультациялары жұмыс істейді. Оларда жеке тіркеу бөлімдері, емшара кабинеттері және отбасын жоспарлау орталықтары ұйымдастырылған.

Министрлік мәліметінше, әйелдер консультацияларының қызметін 1 миллионнан астам әйел пайдаланған. Ал жүктіліктің 10 аптасына дейін медициналық есепке тұрған жүкті әйелдердің үлесі 18 пайызға артып, 71 пайызға жеткен.

Ұрықтың туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау мақсатында барлық өңірде перинаталдық орталықтардың базасында «Бір күндік клиникалар» ұйымдастырылған. Мұнда жүкті әйелдер кепілдік берілген медициналық көмек шеңберінде бес түрлі диагностикалық зерттеуден өтіп, нәтижелерін келесі күні алады.

2026 жылы диагностикалық зерттеулермен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілген. Нәтижесінде ұрықтың даму кемістіктерін анықтау көрсеткіші 13 пайызға артса, нәресте өлімі 15 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап Қазақстанда әйелдерді салауатты жүктілікке дайындауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында әйелдерге 12 түрлі медициналық тексеруден тегін өту мүмкіндігі қарастырылған.

Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан астам босану қабылданады. Мемлекет ана мен бала денсаулығын сақтауға және әрбір әйелге тұрғылықты жері мен қаржылық мүмкіндігіне қарамастан медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Back to top button